Еуразиялық банк қызметкерлері Алматы қаласының Бас ботаникалық бақ аумағында орналасқан «Арқалан» петроглифтер паркіндегі экологиялық сенбілікке қатысты. Банк қызметкерлері Ботаника және фитоинтродукция институтының мамандарымен бірлесіп, табиғи ландшафтты сақтауға әрі дамытуға септігін тигізетін дала өсімдіктерін отырғызды.
«Арқалан» — табиғат пен тарих үндескен бірегей мекен. Саябақ аумағындағы петроглифтер қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін бейнелейді, ал жобаның негізгі тұжырымдамасы қоршаған орта мен мәдени мұраны көздің қарашығындай сақтауға бағытталған.
Мұндай шаралар банк үшін игі дәстүрге айналып үлгерді – қызметкерлер Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қоғамдық орындарды көгалдандыруға жиі атсалысады. Мәселен, өткен жылы «Арқалан» паркінде 60 түп тал мен жыңғыл көшеттері бой көтерген еді.
«Экологиялық жобалар — біздің қызметіміздің басты басымдықтарының бірі. Бұл бір реттік шаралар емес, табиғи аумақтарды қорғап, қоршаған ортаға деген жанашырлықты оятуға бағытталған жүйелі қадамдар», — деп мәлімдеді банк өкілдері.
Бүгінгі күні Еуразиялық банк бүкіл әлем бойынша 150-ден астам ұйымның басын біріктіретін Mastercard «Priceless Planet Coalition» («Баға жетпес планета») жаһандық бағдарламасының қатысушысы болып табылады. Оған мүше ұйымдар 2030 жылға дейін дүниежүзі бойынша 100 млн ағаш отырғызуды жоспарлап отыр. Банк «Баға жетпес планета» коалициясына қатысып қана қоймай, транзакциялардан түсетін бонустары көгалдандыру жобаларына бағытталатын арнайы Экокарта шығарады.
Бұған дейін банк қызметкерлері Өскемен, Көкшетау, Талдықорған, Арқалық және Тараз қалаларындағы әлеуметтік және қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру жұмыстарына, сондай-ақ экологиялық науқандарға қатысқан болатын. Алдағы уақытта да банк еліміздің өзге де қалаларын абаттандыруға қолдау көрсетіп, экологиялық жобалар ауқымын кеңейте бермек.