Еуразиялық банк клиент назарын Қазақстандағы алаяқтық белсенділіктің артуына аударып, ерекше қырағылық танытуға шақырады.
«Жеткізілмей қалған сәлемдеме»
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметінше, алаяқтар мессенджерлер мен SMS арқылы «жеткізілмей қалған сәлемдеме» туралы жалған хабарламалар таратады.
Пайдаланушыға сілтеме бойынша өтіп, қайта жеткізуді ресімдеу ұсынылады. Алайда бұл сілтеме курьерлік қызметтердің ресми ресурстарына ұқсатып жасалған жасанды сайтқа бағыттайды.
Дербес және банктік деректерді енгізген кезде алаяқтар құпия ақпаратқа қол жеткізеді, бұл қаражаттың ұрлануына әкеп соғуы мүмкін.
Жалған әлеуметтік төлемдер
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әлеуметтік төлемдер алу мүмкіндігі туралы тарап жатқан жалған ақпаратқа қатысты ескертеді.
Атап айтқанда баласы 1,5 жасқа толған әйелдер мансап орталығына тіркелу арқылы жұмыссыздық бойынша төлем рәсімдей алады деген хабарламалар таралуда.
Ресми түсініктеме: мұндай схеманың құқықтық негізі жоқ. Бала күтімі бойынша демалыстағы әйелдің жұмыс орны сақталғандықтан, ол жұмыссыз болып есептелмейді.
Маңызды ескерту: төлем алу мақсатында жалған ақпарат ұсыну алаяқтық ретінде саралануы мүмкін.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы еліміздің 12 өңірінде осындай деректер бойынша 30-дан астам қылмыстық іс қозғалып, бес өңірде 7 сот үкімі шыққан.