Банк қызметкерлері Көкшетаудағы Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының аумағын көгалдандырды
Енді Көкшетау қаласында орналасқан Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының аумағы саябаққа көбірек ұқсайтын болады. Мұнда Еуразиялық банк қызметкерлері медициналық мекеме өкілдерімен бірлесіп отырғызған жас шыршалар пайда болды.
Науқан жайлы әрі берекелі ортада өтті. Ашық аспан астында қатысушылар бірлесе отырып қарапайым, бірақ мәні терең іс атқарды — олар уақыт өте келе толыққанды жасыл аймаққа айналатын ағаштар екті.
Бұл — балалар, ата-аналар және осында күнделікті жұмыс істейтін қызметкерлер үшін маңызы зор іс.
Еуразиялық банктің Көкшетау филиал директоры Жанар Шаймергенова экологиялық жобалардың банк үшін мәні зор екеніне тоқталып өтті:
«Біз Mastercard компаниясының «Баға жетпес планета» атты жаһандық бағдарламасына қатысып, әр түрлі қалаларда ағаш отырғызып келеміз. Балалар ауруханасының жөні бөлек. Мұнда кез келген ұсақ-түйектің өзі сауығу процесіне әсер етеді. Егер егілген ағаштар балалардың көңіл-күйін көтеріп, өздерін жақсы сезінуіне септігін тигізсе — демек, біздің ісіміздің оң болғаны», — дейді Жанар Шаймергенова.
Аурухана ұжымы бұл науқанның аса қажет екенін атап өтті.
«Балаларымыз күндіз-түн демей, үзіліссіз ем алуда. Айналаның ағашқа, таза ауа мен жасыл желекке толы болуы — бұл жай ғана қоршаған орта емес, бұл сауығу жолындағы маңызды қадам. Жаңа шыршалар аумағымызды жандандырып, тыныштық сыйлайды. Балаларға да, ересектерге де тыныс алу жеңілдеді. Бізге қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет», — деп атап өтті Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Мұхтар Досхожин.
Еуразиялық банк бүкіл әлем бойынша 150-ден астам ұйымның басын біріктіретін Mastercard «Priceless Planet Coalition» («Баға жетпес планета») жаһандық бағдарламасының қатысушысы болып табылады. Оған мүше ұйымдар 2030 жылға дейін дүниежүзі бойынша 100 млн ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.
Банк «Баға жетпес планета» коалициясына қатысумен қатар транзакциялардан түсетін бонустары көгалдандыру жобаларына бағытталатын арнайы экокарта шығарады.
Өткен жылы Алматы, Астана және еліміздің басқа да қалаларында 1000-нан астам ағаш отырғызылды. Бұл бастама қала келбетін көріктендіріп, адамдарды табиғатты аялау идеясына біріктіретін банк пен оның қызметкерлерінің игі әрі тұрақты дәстүріне айналды.