Еліміздің түкпір-түкпірін жасыл желекке айналдыруға бағытталған Еуразиялық банктің экологиялық жобалары қарқынды түрде жалғасып келеді. Игі экологиялық бастама бұл жолы Тараз қаласында ұйымдастырылып, банк қызметкерлері шаһардың қос бірдей нысанын жасыл желекпен көмкерді.
Енді 250 жаңа ағаш Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің аллеясында, ал тағы 250-сі Жамбыл облыстық онкология және хирургия орталығының ауласында бой көтереді. Қала сәнін келтіру үшін жеміс және бозарша, қарағай, мамыргүл, беже, ақ үйеңкі мен тұт ағашы секілді декаротивтік ағаштар отырғызылды.
Жобаның басты мақсаты — қаланы көгалдандыру, экологиялық жағдайды жақсарту және жас ұрпақтың бойына экологиялық мәдениетті сіңіру болып табылады. Банк өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай бастамалар ұйымның корпоративтік экологиялық саясатының тұрақты бағытына айналуда.
«Экологиялық жобаларымыздың қалалар мен халыққа нақты пайда әкелуі біз үшін өте маңызды. Қоғамдық және әлеуметтік нысандардың аумағын көгалдандыру қала ортасын жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы атмосфера қалыптастыруға септігін тигізеді. Осындай демалыс орындарының дамуына үлес қосып, Қазақстан өңірлеріндегі экологиялық бастамаларды қолдағанымызға қуаныштымыз», — деді Еуразиялық банктің Тараз қаласындағы филиал директоры Абдулхафиз Умаров.
Еуразиялық банк бүкіл әлем бойынша 150-ден астам ұйымның басын біріктіретін Mastercard «Priceless Planet Coalition» («Баға жетпес планета») жаһандық бағдарламасының қатысушысы болып табылады. Оған мүше ұйымдар 2030 жылға дейін дүниежүзі бойынша 100 млн ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.
Банк «Баға жетпес планета» коалициясына қатысып қана қоймай, транзакциялардан түсетін бонустары көгалдандыру жобаларына бағытталатын арнайы экокарта шығарады.
Өткен жылы Алматы, Астана және еліміздің басқа да қалаларында 1000-нан астам ағаш отырғызылды. Бұл бастама қала келбетін көріктендіріп, адамдарды табиғатты аялау идеясына біріктіретін банк пен оның қызметкерлерінің игі әрі тұрақты дәстүріне айналды.