Бүгінгі таңда бұқаралық іс-шара, фестиваль мен концертке деген сұраныс жоғары болып отыр, бұл өз кезегінде интернет-алаяқтардың да белсенділігін арттыруда. Алаяқтар танымал мәдени шаралар төңірегіндегі ажиотажды өз мүдделеріне пайдаланып, қазақстандықтарға билет сатып алуға «кепілді көмек», тиімді ұсыныстар немесе «жабық сатылымдарға» жолдама ұсынуды жиілеткен.
ҚР ІІМ мәліметінше, азаматтардың билет үшін ақша аударып, бірақ соңында оны мүлдем ала алмай қалған немесе қолдан жасалған электрондық билеттерге тап болған жағдайлары жиілеп кеткен.
«Еуразиялық банк» АҚ заманауи алаяқтық схемалардың өте күрделі әрі мұқият ойластырылған сипатқа ие екенін еске салады, сол себепті тіпті ең қырағы пайдаланушылар да цифрлық қауіпсіздіктің базалық ережелерін ұстануы қажет.
Алаяқтарды анықтау неге қиындап кетті?
Қазіргі уақытта кез келген адам фишингтік сайтты өз бетінше анықтау, электрондық билет шынайылығын тексеру немесе нақты сатушыны алаяқтан ажыратуға қауқарлы емес. Осыған байланысты, алаяқтар тек техникалық айла-шарғыларды қолданып қана қоймай, танымал іс-шараға билет сатып алуға асыққан азаматтардың психологиялық-эмоционалдық жай-күйін де өз мүдделеріне пайдаланады.
Ең жиі кездесетін алаяқтық схемалары
Қазіргі уақытта алаяқтықтың мынадай негізгі түрлері көп тіркеледі:
*хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілер арқылы мүлдем жоқ билеттерді сату;
*қолдан жасалған электрондық билеттерді немесе QR-кодтарды жіберу;
* банктік карта деректерін жинайтын фишингтік сайттар;
*алдын ала төлемді талап ететін «делдалдар» мен алыпсатар ұсыныстары;
*жалған төлем беттеріне өтетін сілтемелер.
Билеттерді «кезексіз», «таныстар арқылы» немесе нарықтық бағадан айтарлықтай төмен бағамен сатып алу туралы ұсыныстарға ерекше сақтықпен қараған жөн.
Алаяқтық тәуекелдерін төмендету жолдары
Еуразиялық банк бірнеше қарапайым ережені ұстануға кеңес береді:
*билеттерді тек ресми интернет-ресурстар мен сенімді платформалардан сатып алу;
*төлем жүргізер алдында алдында сайт мекенжайын мұқият тексеру;
*бейтаныс адамдарға ақша аудармау;
*мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі күмәнді сілтемелерге өтпеу;
* тым тиімді бағадағы ұсыныстарға сенбеу;
*чектер мен төлем растамаларын сақтап қою.
Егер сатушы ақша аударуды асықтырып, қауіпсіз төлем әдістерінен бас тартса немесе толық алдын ала төлем жасауды талап етсе — бұл секемденуге негіз бар деген сөз.
Онлайн-сервистердің дамуына байланысты алаяқтық схемалар барған сайын күрделеніп, шынайы сипат алуда. Сондықтан бүгінгі таңда цифрлық қырағылық та кез келген қаржылық операциялар кезіндегі сақтық сияқты өте маңызды.